Adana Adıyaman Afyon Ağrı Aksaray Amasya Ankara Antalya Ardahan Artvin Aydın Balıkesir Bartın Batman Bayburt Bilecik Bingöl Bitlis Bolu Burdur Bursa Çanakkale Çankırı Çorum Denizli Diyarbakır Düzce Edirne Elazığ Erzincan Erzurum Eskişehir Gaziantep Giresun Gümüşhane Hakkari Hatay Iğdır Isparta İstanbul İzmir K.Maraş Karabük Karaman Kars Kastamonu Kayseri Kırıkkale Kırklareli Kırşehir Kilis Kocaeli Konya Kütahya Malatya Manisa Mardin Mersin Muğla Muş Nevşehir Niğde Ordu Osmaniye Rize Sakarya Samsun Siirt Sinop Sivas Şanlıurfa Şırnak Tekirdağ Tokat Trabzon Tunceli Uşak Van Yalova Yozgat Zonguldak
İstanbul °C

Қазақстан мен Қырғызстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Қазақстан мен Қырғызстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
REKLAM ALANI

Жаңалықтар

Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан мен Қырғызстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

2022 жылғы 26 мамыр

Қырғызстан, Бішкек қаласы

 

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров шағын форматта өткен кездесуден кейін екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз делегациясына ілтипат білдіріп, Садыр Жапаровтың екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеру жөніндегі бастамасын қолдайтынын айтты.

– Тәуелсіздік кезеңінен бері қазақ-қырғыз ынтымақтастығы барлық салада қарқынды дамып келеді. Осы байланысымыз стартегиялық серіктестік және одақтастық рухында нығая түсуде. Бұған қос халыққа ортақ құндылықтардың арқасында қол жеткіздік, – деді Мемлекетіміздің басшысы.

 

Қазақстан Президенті шағын форматта өткен келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын атап өтіп, Қырғызстан Президентінің елімізбен арадағы көпжақты серіктестікті тереңдетуге деген ниетін жоғары бағалады.

– Мен өз тарапымнан Қазақстанның қазақ-қырғыз қатынастарын достық, тату көршілік және шынайы одақтастық рухында жан-жақты нығайтудың стратегиялық бағытына берік екенін атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетаралық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын айта келе, жоғары деңгейдегі өзара сенімді және белсенді саяси диалогқа, екі ел үкіметтерінің үйлесімді жұмысына тоқталды.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз көшбасшысының Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылып жатқанын айтты. Атап айтқанда, екі ел үкіметтері арасындағы байланыстардың жандануы, жаңғырған «Қордай – Ақ жол» өткізу бекетінің ашылуы, тұрақты гуманитарлық көмек көрсету және электр энергиясымен алмасу жөнінде сөз болды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы әлемдік экономиканың құбылмалы жағдайындағы ықпалдастықтың жаңа формаларына назар аударды.

Қазақстан Президенті өзара экспорттық номенклатураны кеңейту, қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу мүмкіндігін, соның ішінде кедендік рәсімдерге цифрлық шешімдерді енгізе отырып жақсарту арқылы тауар айналымын ұлғайту мәселелеріне тоқталды.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен өңірлер арасындағы кең ауқымды ықпалдастықты жолға қоюдың маңызды екенін атап өтті. Осы ретте, Президент Қазақстан мен Қырғызстан арасында бірінші Өңіраралық ынтымақтастық форумын тез арада ұйымдастырудың маңызды екенін айтты.

 

Мемлекет басшысы өзара тиімді ұсыныстарды зерделеп және перспективті жобалардың тізімін жасай отырып, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға шақырды. Қырғызстанда гидроэнергетикалық нысанды, атап айтқанда Қамбар ата ГЭС-ін бірлесіп салу соның бірі болуы мүмкін.

Келіссөздер барысында су дипломатиясы, ақпараттық технология саласындағы кооперацияны нығайту мәселелері қарастырылды.

Мәдени-гуманитарлық байланыстар бауырлас екі халықтың жақындай түсуіне маңызды үлес қосады. Мемлекет басшысы Бішкек қаласының орталығында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашу жөніндегі шешімі үшін Садыр Жапаровқа алғыс білдірді. Екі ел президенттері бүгінгі келіссөздерден кейін осы монументтің салтанатты ашылу рәсіміне барады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласында Манасқа ескерткіш қойылатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сегіз жоғары оқу орны Қырғызстанда өкілдіктерін ашуға ниет білдіріп отырғанын атап өтіп, қырғыз студенттері үшін бөлінетін квоталардың саны 50-ге дейін көбейгенін жеткізді.

 

Қырғызстан Президенті өз кезегінде екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

– Мемлекеттеріміз арасында ешқандай саяси қайшылық жоқ. Ең бастысы – осы. Қырғызстан мен Қазақстан күш біріктіре отырып, екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуды, сондай-ақ аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін өңіраралық және халықаралық құрылымдар аясындағы конструктивті ықпалдастықты қамтамасыз ететіні жөнінде айқын түсінік бар, – деді Қырғызстан Президенті.

 

Кездесу аясында Қазақстан мен Қырғызстан көшбасшыларына «Қарасу» және «Ақ-Тілек» өткізу бекеттерінің аумағында «Алатау» индустриялды сауда-логистикалық кешені құрылысының басталғаны туралы бейнесюжет көрсетілді. Бұл нысанның салынуы арадағы делдалдардың санын азайтуға, тұтынушылар үшін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және жеткізу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров екіжақты ынтымақтастықты мейлінше жаңа деңгейге көтеруге, серіктестікті одан әрі жандандыруға және халықаралық аренадағы іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталған бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Содан кейін мемлекет басшыларының қатысуымен ресми делегациялардың мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:

Қазақстан Республикасының Алматы облысының әкімдігі мен Қырғыз Республикасы Президентінің Ыстықкөл облысындағы өкілетті өкілінің аппараты арасындағы Ынтымақтастықты нығайтуға байланысты келісімді жасасу ниеті туралы хаттама.
Қазақстан Республикасы Түркістан облысының әкімдігі мен Қырғыз Республикасы Президентінің Ош облысындағы өкілетті өкілінің аппараты арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум.
Қазақстан Республикасы Жамбыл облысының әкімдігі мен Қырғыз Республикасы Президентінің Талас облысындағы өкілетті өкілінің аппараты арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрлігі және «JOINT TECHNOLOGIES» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы «Ақ тілек» және «Қарасу» автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешен инфрақұрылымына инвестиция тарту туралы меморандум.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы Шекара маңы аумақтарында табиғи өрттердің профилактикасы және оларды сөндіру жөніндегі үкіметаралық келісім.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы Авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы 2006 жылғы 4 шілдедегі Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттама.
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы 1996 жылғы 26 тамыздағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттама.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасында Дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай 2022 жылға арналған Сыртқы істер министрліктері арасындағы Бірлескен іс-шаралар жоспары.

Кері қайту Кері қайту

 

kaynak:https://akorda.kz/kz/kazakstan-men-kyrgyzstan-prezidentteri-keneytilgen-kuramda-kelissoz-zhurgizdi-2643437

 

 

REKLAM ALANI
YORUMLAR

Henüz yorum yapılmamış. İlk yorumu yukarıdaki form aracılığıyla siz yapabilirsiniz.